ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ЖОЮ-ИМАНДЫЛЫҚТА.

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ЖОЮ-ИМАНДЫЛЫҚТА.

 «Қазақстан-2050» стратегиясы-қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жолдауында  Елбасы «Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс. Жемқорлық-жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналады. Біз түпкі мақсатымыз-жемқорлықты құбылыс ретінде жою үшін жемқорлыққа қарсы заңнамаларды жетілдіру арқылы жемқорлықпен күресті қатты күшейтуіміз керек»-деген болатын.

Елбасы сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне үнемі көңіл бөледі.

Биылғы «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деп аталған Жолдауында да, «Аса маңызды міндет- сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру және іске асыруды жалғастыру. Әкімшілік реформа қажетсіз қағазбастылық пен құжат айналымының қолайсыз үдерісіне айналмауға тиіс. Халық алдында есептілігін арттырып, нәтижеге деген жауапкершілігін күшейте отырып, жергілікті жерлердегі басқару органдарына көбірек дербестік беру керек»- деп атап көрсетіп Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, биылғы 1 шілдеге дейін осы мәселелер жөнінде кешенді ұсыныстар енгізуді тапсырған болатын.

Қазіргі уақытта Қазақстан Орталық Азия өңірінде ғана емес, тұтастай алғанда ТМД бойынша да жемқорлыққа қарсы мықты дамыған заңнамасы бар ел болып табылады.

Сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін қабылданған заңнамалардың қайнар көзі болып Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 2 шілдедегі  Заңы табылады. Аталған заңда сыбайлас жемқорлықтың түсінігі беріле отырып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлықпен күресу және ол үшін жауаптылықтың, сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылықтардың зардаптарын жоюдың жолдары көрсетілген.

Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2011 жылғы 31 наурыздағы қаулысымен «2011-2015 жылдарға арналған Қазқстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі салалық бағдарламасы» бекітілген болатын. Аталған бағдарламаның негізгі мақсаты- сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың пәрменділігін арттыру.

Бағдарламада Қазақстан 2015 жылғы қарай «Транспаренси Интернэшнл» рейтингінде сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексі бойынша 180 елдің ішінен 90-шы орынды иеленетін болады деп көзделген.

Көрсетілген мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай міндеттер ұйғарылды:

1.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ұлттық заңнаманы жетілдіру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту;

2.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қауіптерін азайту жөніндегі мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру;

3.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру;

4.Көлеңкелі экономиканың деңгейін төмендету;

Бағдарламаны іске асыру 2011-2015 жылдар аралығында бес жылдық кезеңге есептелген және іс-шараларды бір кезеңде іске асыруды көздейді.

-2011-2015 жылдар ішіндегі елдегі қылмыстық ахуалды, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманы талдау негізінде қылмыстық және әкімшілік заңнаманаларды жетілдіру шеңберінде сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың тізбесі олардың мұндай қылмыстарға жатқызу негізділігі тұрғысынан қайта қарауға;

-құқық қорғау органдарының есеп беру және қызметін бағалау жүйесін жетілдіру;

-мемлекеттік органдар өкілдерінің, оның ішінде басшылардың бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеуі жалғасады, сондай-ақ оқу орындарында сабақтар өткізуге;

-халық табысын жалпыға ортақ декларациялауға кезеңімен өткізу;

Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай төмендететіндігі, қоғамда демократиялық оң өзгерістерді жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне нұқсан келтіретіні белгілі. Ең бастысы- адамдардың қоғамның демократиялық құндылықтарына, әділ заң мен шындыққа, сайып келгенде билікке деген сенімін әлсіретеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдығы болып саналатындықтан, Елбасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің мынандай бағдарламалық бағыттарын белгілеп берді:

-сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басымдығы, оны тудыратын себептер мен оған ықпал ететін шарттарды жою;

-мемлекеттік ресурстарды бөлуді бақылауды күшейту;

-мемлекеттік органдардың рұқсат беру функцияларын іске асыруын бақылау;

-сыбайлас жемқорлықпен күреске өкілетті билік органдарын кеңінен тарту;

-әр түрлі салаларда сыбайлас жемқорлықтың орын алу деңгейін анықтау кезінде халықаралық рейтингтер жүйесін пайдалану;

-халықаралық институттардың, отандық үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялардың, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасауы.

-сыбайлас жемқорлыққа қарсы алдын-ала іс-қимыл жасаудың мемлекеттік саясаты билік құрылымдарының ашықтығы мен қоғамның бақылауында болуын;

-мемлекеттік бақылау-қадағалау функцияларын қысқартуды және мемлекеттік бақылау органдары жүйесін оңтайландыруды;

-сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал ететін фактор ретінде мемлекеттік қызметшілер жағдайының тұрақсыздығын болдырмайтын кадр саясатын жүргізуді;

-азаматтардың тәуелсіз, сырттан және әсіресе,сот жүйесінің өзінен сыбайлас жемқорлық әсер етуден тәуелсіз сотқа жүгіну құқығын қамтамасыз етуді көздейді.

Жемқорлықпен күрес мәселесі қоғамымызды бей-жай қалдырып отырған жоқ. Зиялы қауым өкілдері, белгілі ақын жазушылар, мемлекет қайраткерлері, депутаттар өз ойларын- пікірлерін, бұл індеттен жалпы халық болып күресуге үндеп-ақ жатыр. Алайда бұл жағымсыз құбылыс үдемесе, бәлендей азайды, тамырына балта шабылды деуге ауыз бармайды.

Белгілі саясаттанушылардың бірі, әбден шарасыздықтан болуы керек, жемқорларды жетінші ұрпағына дейін лағынеттеп қарғыс жаудыру керек, оның түрмедегі өмірін жұртшылыққа көрсету қажет деген ұсыныс айтуға барып жатыр. Бұл әрине қате пікір, өйткені әкесінің теріс әрекеті үшін ұрпағы жауап беруге тиіс емес.

Менің ойымша, әрбір адамның ішкі ар-таразысы оның иманына байланысты, ұяты бар адамның иманы бар болып саналады. Сондықтан, Елбасының ««Қазақстан-2050» стратегиясы-қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты халыққа жолдауында «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттеріміз. Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі  екенімізді мақтан тұтамыз. Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек. Біз өзін өзі ұстаудың ерекше үлгілерін алуға тиіспіз. Мен жария етіп отырған стратегия біздің халқымызды орта ғасырларда емес, ХХI ғасырда өмір сүруге дайындайды»-деген болатын.

Яғни, діни сауатты адам бұл дүниеде арам жолмен табылған дүние-мүліктің оған қайырлы болмайтынын, ал ақиретте осы заңсыз әрекеттері үшін Аллаһ Тағала алдында жауап берерін анық түсінсе, тәубеге келіп, арам пиғылынан қайтып, ізгі амалдар жасауға ұмтылар еді деп ойлаймын. Өйткені кейбір азаматтарымыз обал- сауапты ойламай қазынаның мүлкін, не өзге азаматтардың мүлкін еш қымсынбай жымқыратыны, және бұл құбылыстың кең етек алып отырғаны баршаға аян.

Сондықтан, дүниенің құлы болып адасып жүрген  бауырларымызды, жас ұрпақты жанұямызда, өзара қарым-қатынаста және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы рұқсат етілген, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сараптау комиссиясы мақұлдаған діни кітаптарды, Муфтият КZ, Муслим KZ сайттарын оқып, шариғи білім алсақ Елбасы айтқан діни сананы қалыптастыруға қосқан үлесіміз болар еді. Бұл ретте «Отау TV»  жер серіктік көрсетілім арқылы «Асыл арна» діни танымдық бағдарламасының маңызы өте зор екенін айта кету керек.

Айтқанды қорыта келе, сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу оңай шаруа емес, ол ұзақ мерзімге бағытталған мемлекеттік шара екені рас. Адам затының рухани әлемін ескере отырып әр азамат алдын ала жемқорлыққа жол жоқ деген сипатпен өз-өзімен күресті бастау қажет және ең бастысы осы кеселді жоюға бағытталған мемлекеттік бағдарлама жоғары деңгейде жауаптылықпен іске асырылуы тиіс, сонда ғана егемен еліміз бұл кеселді ауыздықтайтынына үміт етуге болады.

 

Ақтау гарнизоны

әскери сотының төрағасы                                        М.Молышев