Сот актілеріне шағымдану тәртібі

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Азаматтық істер бойынша.

Сот шешіміне апелляциялық шағым жасау және наразылық білдіру құқығы

      1. Осы тарауда көзделген қағидаларға сәйкес заңды күшіне енбеген сот шешімдеріне апелляциялық тәртіппен шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.
   2. Сот шешіміне апелляциялық шағым жасау құқығы тараптарға, іске қатысатын басқа да тұлғаларға тиесілі.
    3. Сот шешіміне апелляциялық наразылық білдіру құқығы істі қарауға қатысатын прокурорға тиесілі. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар мен олардың орынбасарлары, аудандардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар мен олардың орынбасарлары істі қарауға қатысу-қатыспауына қарамастан, өздерінің құзыреті шегінде шешімге наразылық білдіруге құқылы.
    4. Іске қатысуға тартылмаған, бірақ сот олардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты шешім қабылдаған адамдар да апелляциялық шағым жасауға құқылы.

Апелляциялық шағымдарды, наразылықтарды қарайтын соттар

      Аудандық және оларға теңестірілген соттар шығарған шешімдерге апелляциялық шағымды, наразылықты облыстық және оған теңестірілген соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы кемінде үш алқа судьясының алқалы құрамында қарайды.
 АП Кодекстің 27-бабы төртінші бөлігінің қағидалары бойынша қаралған істер бойынша шығарылған шешімдерге апелляциялық шағымды, наразылықты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы кемінде үш алқа судьясының алқалы құрамында қарайды.
 Судья аудандық және оларға теңестірілген соттар оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен шығарған шешімдерге апелляциялық шағымды, наразылықты, жеке шағымды, ұйғарымға наразылықты жеке-дара қарайды.

Апелляциялық шағымдар, наразылықтар беру тәртібі мен мерзімдері

      1. Апелляциялық шағым, наразылық шешім шығарған сот арқылы беріледі. Тікелей апелляциялық сатыға келіп түскен шағым немесе наразылық шешім шығарған сотқа осы Кодекстің осы бабы екінші бөлігінің және 405-бабыныңталаптарын орындау үшін жіберілуге жатады.
  2. Апелляциялық шағым, наразылық іске қатысатын адамдардың санына қарай көшірмелерімен қоса сотқа беріледі. Қажет болған жағдайларда судья шағымды немесе наразылықты берген тұлғаны шағымға немесе наразылыққа қоса берілген жазбаша дәлелдемелердің көшірмелерін іске қатысатын адамдардың санына қарай беруге міндеттей алады.
    3. Осы Кодексте белгіленген жағдайларды қоспағанда, апелляциялық шағым, наразылық – шешім түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап берілуі, ал сот талқылауына қатыспаған тұлғалар өздеріне шешімнің көшірмелері жіберілген күннен бастап бір ай ішінде беруі мүмкін.
   4. Уәкілетті органның мемлекеттік сатып алудың өткізілуін тексеру қорытындылары бойынша шешімдерін, қорытындыларын, нұсқамаларын даулау туралы істер бойынша апелляциялық шағым, наразылық шешім шығарылған күннен бастап он күн ішінде берілуі мүмкін.
   5. Апелляциялық шағымды немесе наразылықты беру үшін мерзімді қалпына келтіру туралы мәселені бірінші сатыдағы сот АП Кодекстің 126-бабында көзделген тәртіппен қарайды.

 Апелляциялық шағымның, наразылықтың мазмұны

      1. Апелляциялық шағымда, наразылықта:
  1) шағым, наразылық жіберілетін соттың атауы;
   2) шағым, наразылық беретін тұлғаның атауы;
  3) шағым жасалатын немесе наразылық білдірілетін шешім және осы шешімді шығарған соттың атауы;
  4) әдетте қолданылуға жататын заңдарға және іс материалдарына сілтеме жасай отырып, сот шешімінің заңсыздығы немесе негізсіздігі неден көрінетіндігіне нұсқау;
   5) шағым жасалатын немесе наразылық білдірілетін шешімнің заңдылығын қандай бөлігінде тексеру керек екендігі және шағым, наразылық беретін тұлғаның қандай өзгерістер енгізуін талап ететініне нұсқау;
  6) шағымға, наразылыққа қоса берілген құжаттардың тізбесі;
   7) шағымды, наразылықты беру күні және шағымды немесе наразылықты берген тұлғаның қолтаңбасы қамтылуға тиіс. Өкіл қол қойған шағымға сенімхат немесе істе ондай құжат болмаса, өкілдің өкілеттіктерін куәландыратын өзге құжат қоса берілуге тиіс.
  Шағымды, наразылықты электрондық құжат нысанында берген кезде олар оны беретін тұлғаның немесе оның өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады. Электрондық құжат нысанындағы шағымға, наразылыққа құжаттардың электрондық көшірмелері қоса беріледі.
   2. Апелляциялық шағымда, наразылықта бірінші сатыдағы сотқа мәлімделмеген талаптар болмауға тиіс.
   Егер шағымда, наразылықта жаңа дәлелдемелерді бірінші сатыдағы сотқа ұсынудың мүмкін еместігінің негіздемесі қамтылса, оның ішінде егер адам бірінші сатыдағы сотта іске қатысуға тартылмаса, сондай-ақ егер бірінші сатыдағы сотта дәлелдемелерді зерттеу және (немесе) талап етіп алу туралы өтінішхат мәлімделсе, бірақ ол қанағаттандырусыз қалдырылса, бірінші сатыдағы сотқа ұсынылмаған жаңа дәлелдемелерге сілтеме жасауға жол беріледі.

Тараптардың дауды апелляциялық сатыдағы сотта  ерікті түрде реттеуі

      1. Талап қоюшының талап қоюдан бас тартуы, апелляциялық шағым берілгеннен кейін жасалған тараптардың татуласу келісімі, тараптардың дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімі немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім апелляциялық сатыдағы сотқа жіберілген арыздарда көрсетілуге тиіс.
  2. Апелляциялық сатыдағы сот осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мәселелер бойынша арыздарды АП Кодекстің 170-бабында және 17-тарауында көзделген тәртіппен қарайды.
  3. Апелляциялық сатыдағы сот талап қоюдан бас тартуды қабылдаған жағдайда сот шешімінің күшін жояды және АП Кодекстің 277-бабының 4) тармақшасында белгіленген негіздер бойынша іс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.
   Апелляциялық сатыдағы сот татуласу келісімі, тараптардың дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімі немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім бекітілген жағдайда сот шешімінің күшін жояды және АП Кодекстің 277-бабының 5), 6) тармақшаларында белгіленген негіздер бойынша іс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.
    4. Егер апелляциялық сатыдағы сот талап қоюшының талап қоюдан бас тартуын қабылдамаса, татуласу келісімін, тараптардың дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін немесе партисипативтік рәсім тәртібімен дауды реттеу туралы келісімді бекітпесе апелляциялық шағым мәні бойынша қаралады.

Апелляциялық сатыдағы соттың істі қарау мерзімі

      Осы Кодексте белгіленген жағдайларды қоспағанда, іс апелляциялық сатыдағы сотта ол сотқа келіп түскен күннен бастап екі ай мерзімде қаралады.
   Уәкілетті органның мемлекеттік сатып алуды өткізуді тексеру қорытындылары бойынша шешімдерін, қорытындыларын, нұсқамаларын даулау туралы іс сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаралады.
      Іс Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасында ол сотқа келіп түскен күннен бастап бір ай мерзімде қаралады.

Қылмыстық істер бойынша.

Үкімге, қаулыға апелляциялық шағым жасау,   наразылық білдіру құқығы

      1. Үкімге, қаулыға апелляциялық шағым жасау құқығы сотталған адамға, ақталған адамға, олардың қорғаушыларына, оның ішінде үкім жария етілгеннен кейін іс бойынша іс жүргізуге кіріскен қорғаушыларға, олардың өкілдеріне және заңды өкілдеріне, жәбірленушіге (жекеше айыптаушыға), олардың өкілдеріне және заңды өкілдеріне тиесілі. Азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер, олардың өкілдері және заңды өкілдері үкімге азаматтық талап қоюға қатысты бөлігінде шағым жасауға құқылы.
   2. Істі қарауға мемлекеттік айыптаушы ретінде қатысқан прокурор сот актісін апелляциялық тәртіппен қайта қарау туралы наразылық келтіре алады. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар және олардың орынбасарлары, аудандардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар істі қарауға қатысқан-қатыспағанына қарамастан, өз құзыреті шегінде үкімді қайта қарау туралы наразылық енгізе алады.
    3. Егер соттың қаулысы осы істің тараптары болып табылмайтын тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты болса, олар да қаулыға шағым жасауға құқылы.

Заңды күшіне енбеген үкімдерге, қаулыларға берілген апелляциялық (жекеше) шағымдарды,  наразылықтарды қарайтын соттар

      1. Аудандық және оларға теңестірілген соттардың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың заңды күшіне енбеген үкімдеріне, қаулыларына апелляциялық (жекеше) шағымдарды, наразылықтарды тиісті облыстық және оған теңестірілген соттың апелляциялық сатысы қарайды.
   2. Гарнизондардың әскери соттарының, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың заңды күшіне енбеген үкімдеріне, қаулыларына апелляциялық (жекеше) шағымдарды, наразылықтарды Әскери сот қарайды.
   3. Егер іс бойынша үкім және қаулы шығарылса, онда үкімге апелляциялық шағымдар, наразылықтар және қаулыға жекеше шағымдар, наразылықтар облыстық немесе оған теңестірілген соттың апелляциялық сатысының бір отырысында қаралады.
   4. Басты сот талқылауы барысында шығарылатын бұлтартпау шарасы және ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы қаулыға жекеше шағымдар, наразылықтар іс бойынша іс жүргізу аяқталғанға дейін апелляциялық сатыда қаралады. Көрсетілген шағымдарды, наразылықтарды апелляциялық сатыда қарау қылмыстық істі бірінші сатыдағы сотта одан әрі қарауды үзбейді.

Апелляциялық (жекеше) шағымдар, наразылықтар келтіру тәртібі

      1. Апелляциялық (жекеше) шағымдар, наразылықтар үкім, қаулы шығарған сот арқылы келтірiледi. Апелляциялық сатыға тiкелей келiп түскен апелляциялық (жекеше) шағымдар, наразылықтар ҚР ҚПК-нің 420-бабының және 421-бабы екiншi бөлiгiнiң талаптарын орындау үшiн үкім, қаулы шығарған сотқа жiберілуге жатады.
    2. Істі қайтадан қарау кезінде шығарылған үкімге, қаулыға осындай тәртіппен шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.

Үкімдерге, қаулыларға апелляциялық шағым жасау,  наразылық бiлдiру мерзiмдерi

      1. Апелляциялық (жекеше) шағымдар, наразылықтар үкім, қаулы жария етілген күннен бастап он бес тәулiк iшiнде берiлуi мүмкiн, ал күзетпен ұсталатын сотталған адам оларды өзіне үкімнің, қаулының көшiрмесi табыс етiлген күннен бастап дәл сондай мерзiмде бере алады.
   2. Сот актісіне шағым жасау үшiн белгiленген мерзiм iшiнде iсті бірінші сатыдағы соттан талап етiп алдыруға болмайды.
 3. Мерзiмдi өткізіп алып берiлген апелляциялық (жекеше) шағым, наразылық үкімді, қаулыны шығарған соттың қаулысымен мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат болмаған ретте осы негіздер көрсетіле отырып, авторға қайтарылады. Егер шағымдарды, наразылықтарды бірінші сатыдағы сот қабылдаған соң оларды беру мерзімінің өткізіп алынғаны апелляциялық сатыда анықталса, апелляциялық саты судьясы өз қаулысымен оларды қараусыз қалдырады.

Бiрiншi сатыдағы соттың қаулысына шағым жасау,  наразылық бiлдiру

      1. ҚР ҚПК-нің 344-бабының төртінші бөлігінде көрсетілген алып қоюларды қоспағанда, бірінші сатыдағы соттың қаулысына осы Кодекстің 414-бабындакөрсетілген тұлғалар жекеше шағым, наразылық келтіре алады.
    2. Бiрiншi сатыдағы соттың қаулысына жекеше шағым, наразылық қаулы шығарылған күннен бастап он бес тәулiк iшiнде жоғары тұрған сотқа берiледi және апелляциялық iс жүргiзу қағидалары бойынша қаралады. Үкім шығарумен аяқталған сот талқылауы кезінде шығарылған қаулыға шағым, наразылық берілген жағдайда, іс үкімге шағым жасау үшін белгіленген мерзім аяқталған соң ғана жоғары тұрған сот сатысына жіберіледі.

      Апелляциялық (жекеше) шағым, наразылық

      1. Апелляциялық шағымда, наразылықта:
      1) шағым, наразылық жіберіліп отырған тиісті апелляциялық сатыдағы соттың атауы;
      2) шағым берген немесе наразылық келтірген тұлғаның процестік жағдайы, тұрғылықты жері немесе тұрған жері, онымен хабарласудың байланыс құралдарының нөмірлері көрсетіле отырып, ол туралы деректер;
      3) шағым, наразылық беріліп отырған үкім немесе қаулы және осы шешімді шығарған соттың атауы;
      4) үкімнің, қаулының қай бөлігінде немесе оларға толық көлемінде шағым, наразылық беріліп отырғанын көрсету;
      5) шағым, наразылық берген тұлғаның өз пікірі бойынша соттың үкімінің, қаулысының дұрыс еместігі неде екендігі, сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыру кезінде немесе істі қарау кезінде заңның қандай нормалары бұзылғаны және мұның ол бойынша шешім қабылдауға әсер еткені туралы дәлелдері және оның өтінуінің мәні;
      6) шағымның, наразылықтың авторы өз талаптарын негіздейтін, оның ішінде бірінші сатыдағы сот зерттемеген дәлелдемелер;
      7) шағымға, наразылыққа қоса берілген материалдардың тізбесі;
      8) шағым, наразылық берілген күн және шағым, наразылық авторының қолы болуға тиіс.
    2. Егер келтірілген шағым, наразылық осы талаптарға сәйкес келмесе, олар берілген деп есептеледі, бірақ үкім шығарған сот оларды толық ресімдеу мерзімін көрсете отырып, кері қайтарады. Егер көрсетілген мерзім ішінде апелляциялық (жекеше) шағым, наразылық қайта жасалғаннан кейін сотқа ұсынылмаса, ол берілмеген деп есептеледі, бұл туралы шағым, наразылық авторына хабарланады. Апелляциялық сатыдағы сот шағымды осы баптың бірінші бөлігіне сәйкес ресімдеу үшін осындай тәртіппен қайтаруға құқылы.
      3. Тараптар апелляциялық (жекеше) шағымның, наразылықтың негіздерін растау ретінде, шағыммен бірге немесе оны бергеннен кейін апелляциялық сатыдағы сотқа жаңа материалдар ұсынуға немесе оларды талап етіп алдыру және зерттеу, сондай-ақ өздері көрсеткен куәлардан, жәбірленушілерден, сарапшылардан, мамандардан жауап алу туралы, бірінші сатыдағы сот тергеуі олқылықтарының орнын толтыруға бағытталған өзге де әрекеттер жасау туралы өтінішхат беруге құқылы.
    4. Апелляциялық (жекеше) шағым, наразылық берген тұлға сот отырысы басталғанға дейін өзінің шағымын, наразылығын өзгертуге не жаңа дәлелдермен толықтыруға құқылы. Бұл ретте прокурордың қосымша наразылығында немесе оның наразылықты өзгерту туралы арызында, сол сияқты жәбірленушінің, жекеше айыптаушының немесе өкілдердің үкімге шағым жасау мерзімі өткеннен кейін берілген қосымша шағымында, егер бастапқы наразылықта немесе шағымда сотталған адамның жағдайын нашарлату туралы талап болмаса, осындай мәселе қойыла алмайды. Сот актісіне шағым жасау мерзімі өткеннен кейін іс бойынша іс жүргізуге кіріскен қорғаушы шағымды өзгерте алады не жаңа дәлелдермен толықтыра алады, іске бұрын қатысқан қорғаушы берген шағымдағы дәлелдердің қосымша дәйектемелерін ұсына алады.
   5. Үкімге, қаулыға шағым жасаған, наразылық білдірген тұлға апелляциялық сатыдағы сот отырысы басталғанға дейін өз шағымын, наразылығын кері қайтарып алуға құқылы. Прокурордың наразылығын да жоғары тұрған прокурор кері қайтарып алуы мүмкін. Қорғаушы, заңды өкіл өз шағымын сотталған адамның келісімімен ғана кері қайтарып алуға құқылы. Сотталған адам өзінің қорғаушысы, заңды өкілі берген шағымды кері қайтарып алуға құқылы, көрсетілген тұлғалардың шағымдарын оларға кері қайтару сот үшін міндетті болып табылады.

 Iстi апелляциялық сатыда қарау мерзiмдерi

      Iс келiп түскен күнінен бастап бір айдан кешiктiрiлмей апелляциялық тәртiппен қаралуға тиiс. Егер сот жаңа материалдар мен дәлелдемелерді зерттеу және жаңа үкім шығару қажеттігіне негіз бар деп тапса, іс келіп түскен күнінен бастап екі айдан кешіктірілмей апелляциялық тәртіппен қаралуға тиіс. Дәлелдi себептер болған кезде, көрсетілген мерзiмдер iс жүргiзуінде іс жатқан апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы бойынша бiр айға ұзартылуы мүмкiн. Қажет болған жағдайда iстi апелляциялық сатыда қарау мерзiмiн одан әрi ұзарту тиісті облыстық және оған теңестірілген соттың алқа төрағасының қаулысы бойынша жүзеге асырылуы мүмкiн. Бұл ретте істі қарау мерзімінің әрбір ұзартылуы бір айдан аспауға тиіс.