Соттағы татуласу рәсімдері

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

ҚР Жоғарғы Сот Төрағасының азаматтық істерді қарау кезінде «Соттағы татуласу рәсімдері» атты пилоттық жобасы жұмыс істей бастаған 2018 жылдан өзінің тиімділігін көрсетті. Пилоттық жоба шеңберінде татуласу рәсімі талап қою арызын сот ісін жүргізуге қабылданғанға дейін 3-4 күннің ішінде жүргізіледі. Татуласу рәсімі дауларды қысқа мерзім ішінде шешуге мүмкіндік береді әрі соттан тыс, медиацияны дамытуда лайықты үлгі болып табылады.

Сот (судья) тараптардың татуласуы үшін шаралар қабылдайды, оларға дауды процестің барлық сатысында реттеуде жәрдемдеседі. Тараптар татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасап не Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде белгіленген тәртіппен өзге де тәсілдерді пайдалана отырып, дауды өзара талаптардың толық көлемінде не бір бөлігінде реттей алады.

Жалпы, сот ұғымының өзі тұтас әділеттіліктің баламасы ретінде қарастырылатыны анық. Қазіргі сот жүйесі де біршама даму кезеңдерінен өтіп, азаматтар үшін мейлінше ашық, қолжетімді бола түсті. 2011 жылдың 28 қаңтарында «Медиация» туралы Заң қабылданып, дауларды баламалы шешудің жаңа түрі- медиация институты енгізілді.

Тараптар бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда сот шешім шығару үшін шығып кеткенге дейін дауды (жанжалды) судьяның немесе медиатордың жәрдемдесуімен медиация тәртібімен реттеу туралы өтінішхатты мәлімдеуге құқылы. Медиацияны өткізетін судья медиация өткізілетін күнді тағайындайды және тараптарға оның өткізілетін уақыты мен орны туралы хабарлайды. Жалпы, еліміздегі билер сотының жалғасы ретінде әлемдік тәжірибені жинақтаған, азаматтардың құқықтық санасын дамытып, елді жаңа деңгейге көтеруде осы медиация маңызы зор.

Партисипативтік рәсім судьяның қатысуынсыз «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, екі тарап адвокаттарының не заң консультанттары палатасының мүшелері болып табылатын адамдардың жәрдемдесуімен дауды реттеу бойынша тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы өткізіледі.

2015 жылы жаңадан Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі қабылданып (бұдан әрі Кодекс), ол кодексте татуласу рәсімдері бойынша кеңінен жаңа ұғымдар пайда болды. Бұрын 1999 жылғы Қазақстан Республикасының Азаматтық істер жүргізу кодексі аясында тек «бітімгершілік» деген ұғыммен таныс болсақ, енді медиациялық келісім, партисипативтік келісімдер жөніндегі татуласу рәсімдері сияқты жаңа ұғымдар енгізілді. 2020 жылдың 10 маусымында Азаматтық процестік кодексіне енгізілген өзгерістер, «Сот төрелігінің 7 түйініне негізделген. Аталған өзгерістерге сәйкес, судьяларға талап күшейтілді және қосымша өкілеттіліктер берілді.

Бұрын талап арызды, оған жалғанған құжаттарды оқып талапты аталған сотқа дұрыс қойылғанын, талап қою алдында егер алдын ала дауды шешу келіссөз жүргізу рәсімдерінің сақталғанын дәлелдейтін құжаттардың салынғанын, мемлекеттік баж салығының төленгендігін, тағыда басқа аталған Кодекстің 148,149 баптарында көрсетілген талаптардың орындалғандығын зерттеп, талап қою арызын қабылдау үшін соттарға 5 жұмыс күн мерзім берілген болса, бүгінде татуластыруға жататын істер бойынша 10 жұмыс күн мерзім белгіленеді.

Өз тәжірибемізде кездескен істі алайық. Сотпен қаралған істің мән-жайына келсек, Ақтөбе гарнизоны әскери сотында бұрынғы әскери қызметші «С»-тың, жауапкер 30238 әскери бөліміне қарсы берген, одан әрекетсіздікті заңсыз деп тану, жол берілген заң бұзушылықты жоюға міндеттеу, атап айтқанда: 2551500 теңге сомасында біржолғы тұрғын үй төлемдерін төлеуге міндеттеу туралы талап ақы арызы бойынша азаматтық іс қаралды.

Сот тараптарға келісімді бекітудің және іс жүргізуді тоқтатудың салдарын түсіндірді. Сот отырысында талапкер өкілі «Т» мен жауапкер өкілі «Ж» жазбаша өтініш білдіріп, соттан олардың татуласу келісімін бекітуді және іс жүргізуді өндірістен тоқтатуды сұрады. Сот отырысында тараптар келесі шарттарда бітімгершілік келісімге келді:

Талапкердің өкілі «Т», жауапкер «30238 әскери бөлімі» қолбасшылығының әрекетсіздігін заңсыз деп тану туралы сот алдында мәлімдеген талаптардан бас тартады және оларды жол берілген заң бұзушылықты жою міндеттемесімен және жалпы соммасы 102917 теңге талапкердің сот шығындарын өндіріп алудан бас тартты. Өз кезегінде, 30238 әскери бөлімінің өкілі «Ж» 2020 жылғы 30 қыркүйекке дейінгі мерзімде «С»-ның арнайы есепшотына біржолғы тұрғын үй төлемін толық көлемде аударуға міндеттенді. Соттың 2020 жылғы 21 қыркүйектегі ұйғарымымен азаматтық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды.

Тағы  бір мысал: Талапкер «С»-тың, жауапкер «30238 әскери бөлімі» РММ-не қарсы берген, тұрғын үй төлемдерін тағайындау мен төлеу туралы баянатты қарау жөніндегі лауазымды адамдардың әрекетсіздігін заңсыз деп тану және оған тиесілі ақшалай қаражатты төлеу арқылы жол берілген бұзушылықты жою міндеттемесі туралы талап арызын қарады.

Сотта анықталғандай, талапкер 2016 жылдың қыркүйегінен 2018 жылдың қыркүйегіне дейін 30238 әскери бөлімінде взвод командирі лауазымында әскери қызмет өткерген. 30238 әскери бөлімі командирінің бұйрығымен аттестаттау қорытындысы бойынша анықталған атқаратын лауазымына сай келмеуіне байланысты әскери қызметтен босатылған және талапкер әскери бөлімнің қолбасшылығына біржолғы тұрғын үй төлемін есептеу туралы баянатпен жүгінген.

30238 әскери бөлімі командирінің 2020 жылғы 14 шілдедегі бұйрығымен әскери қызметші «С»-қа 1 846 773 теңге сомасында біржолғы тұрғын үй төлемі есептелген, алайда ол сотқа жүгінген күнге дейін төленбеген. 2020 жылдың 28 тамызында талапкер «С» іс бойынша «Т» өкілін жалдап, жоғарыда аталған талаптар негізінде сотқа жүгінуге мәжбүр болған.

Аталған істі талқылау барысында судья онлайн форматта татуластыру рәсімін өткізді, нәтижесінде талапкердің өкілі «Т» мен жауапкердің өкілі «Ж»-ның бітімгершілік келісіммен іс аяқталды. Жоғарыда көрсетілген мән-жайлар бойынша соттың 2020 жылғы 16 қыркүйектегі ұйғарымымен азаматтық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды.

Сот практикасы көрсетіп отырғандай, даулардың көпшілігі тұрғын үй және залалды өтеу туралы болып отыр. Сонымен қатар, Республикамызда «Татуласу орталықтары ашылып, бұл орталықтар дауды тез арада бейбіт жолмен шешуге септігін тигізуде. Жалпы, азаматтардың мәселелерді шешудегі мәдениетін арттыруға, құқықтық санасын дамытуға, моральдық және материалдық ауырпалықтарды азайтып, қоғам ішіндегі құқық бұзушылықтар мен жанжалды жағдайлардың деңгейін төмендетуге, халықты ымыраға келуге шақырып, арадағы бірлікті нығайтуда осы татуласу рәсімдерінің үлесі мол.

   Ақтөбе гарнизоны Әскери соты төрағасының м.а Д.В.Баймакулов