Әскердегі құқық бұзушылықтардың алдын алу – басты міндет "Askeri Zanger" 4(52) сәуір

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Әскердегі құқық бұзушылықтардың алдын алу – басты міндет

 

Еліміздің Конституциясына сәйкес, әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.

Заңдылықта сақтау - Тәуелсіздігімізді нығайтудың басты талабы болып табылады. 

Ал, құқық бұзушылық - Қоғамға зиян келтіретін және заң бойынша жазаланатын қоғамға қарсы әрекет.

Құқық бұзушылық бірнеше түрге бөлінеді: - азаматтық (жеке басқа, азаматтың немесе заңды тұлғаның мүлкіне зиян келтіру, азаматтың абыройы мен қадірқасиетін қаралайтын мәліметтерді тарқату және т.б.); - әкімшілік (ұсақ бұзақылық жол ережесі тәртібін бұзу), тәртіптік (жұмыстан кешігу, жұмысқа бармау және т.б.) және қылмыстық құқық бұзушылықтар (қоғамға қауіпті және қоғамға қауіптілік және жазаланушылық дәрежесіне қарай қылмыстар және қылмыстық теріс қылықтар) болып бөлінеді.

         Қылмыстық заңда  айыппұл салу, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу, бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы түріндегі жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты жасалған, қоғамға қауіпті іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік) қылмыс деп танылады.

         Қылмыстық теріс қылық деп қоғамға зор қауіп төндірмейтін, жеке адамға, ұйымға, қоғамға немесе мемлекетке болмашы зиян келтірген не зиян келтіру қатерін туғызған, оны жасағаны үшін айыппұл салу, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, қамаққа алу, шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу түріндегі жаза көзделген, айыпты жасалған іс-әрекет (әрекет не әрекетсіздік) танылады.

Әрбір құқық бұзушылық қоғамдық, мемлекеттік немесе жеке бастың мүдделеріне залал келтіреді, қоғамға зиянды нәтижелерге алып келеді. Зиян – материалдық және моральдық, өлшеулі және өлшеусіз, физикалық және рухани, маңызды және маңызды емес, қалпына келтірілетін және қалпына келтірілмейтін болады. Осылайша, қоғамдық қауіпсіздік құқық бұзушылық белгісі ретінде құқық бұзушылық жасау нәтижесінде жеке тұлғаның, қоғамның немесе мемлекеттің мүддесіне зиян келтіреді.

Әскер - елдің аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігіне соғыс сипатындағы нақты және мүмкін болатын қол сұғу мен қауіп-қатерден еліміздің ұлттық мүддесін қорғайтын органның  бірі болғандықтан, әскери қызмет,  мемлекеттік қызметтің ерекше түрі болып табылады.   

Мемлекет  тарапынан әскерилер үшін барлық жағдай жасалған.  Бірақ осыған қарамастан кейбір әскери қызметкерлер құқық бұзушылықтарға жол беруде. 

Мәселен, 2020 жылы әскери соттармен 237 адам сотталған. Әдетте, қылмыс жасағаны үшін сотталған әскери қызметкерлер сотпен тағайындалған негізгі жазадан басқа, әскери атақтарынан айрылып, қызметтерінен қуылады және бүккіл төлемдерінен құр қалады.

Әскери тәртіп мемлекеттік тәртіптің бір түрі болғандықтан, әскерде тәртіп, темір қазықтай қатаң болуы тиіс.

Әскери тәртіп дегеніміз — барлық әскери кызметшілердің  Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында, әскери жарғылармен командирлердің (бастықтардың) бұйрықтарында белгіленген тәртіп пен ережелерді, сондай-ақ әскери кызметшілердің арасындағы мінез-құлык және өзара карым-қатынас нормаларын қатаң және дәл сақтауы. Әскери тәртіп әрбір әскери қызметшінің өзінің әскери борышын және өзінің Отанын қорғауға деген жеке жауапкершілігін, өз халқына шексіз берілгендігін, армиямыздың қуатын арттыруға, еліміздің игілігіне  қызмет етуге  парыздар екендігін кәміл сезінуіне негізделеді. Әскери тәртіп әрбір әскери қызметшіні өзінің әскери борышын адал атқаруға, ізгілікке міндеттейді.

Әскери тәртіп қатаң сақталған жағдайда ғана, әскердегі құқық бұзушылықтардың алдын алуға болады. Бұны, әскери басшылар біліп, сезініп алдында тұрған басты міндет ретінде қойғандары жөн.

Заңды сақтау - ел қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етудің кепілі. Сондықтан армия  заңдылықтың, парасаттылықтың, тәртіп пен  тазалықтың  тірегі  болуы керек.

 

Қазақстан Республикасы Әскери сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Е.С.Қосмұратов