Латын графикасындағы әліпбиіміз де кез келген заң нормалары сияқты нақты және әртүрлi түсiнік туындатпағаны жөн "ZANGER" журналы №5 мамыр 2021

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Латын графикасындағы әліпбиіміз де кез келген заң нормалары сияқты нақты және әртүрлi түсiнік туындатпағаны жөн

 

Бәрімізге белгілі, 2017 жылғы 26 қазанда «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Елбасының № 569 Жарлығы жарияланды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың латын ғәрпіне көшу туралы ресми мәлімдемелері мен шешімдері аталған мәселе жөнінде де нақты шешім қабылданғанын көрсетеді.

Қазақстандағы сот жүйесі біртұтас мемлекеттік жүйенің дербес тармағы болғандықтан, әрі сот құқықтар мен заңды мүдделерді қорғайтынын, заңдылықтың салтанат құруы мен сот төрелігін қамтамасыз ететінін ескере отырып, біздің ұжымда да, яғни Әскери сот саласында да жоғарыда аталған ресми шешімді іске асыру үшін бірқатар іс-шаралар атқарылуда.

 Атап айтқанда, сот саласының мамандарына арналған семинар сабақтары, тренингтер және практикалық тапсырмалар өткізілді. Онда латын  әліпбиіне көшу арқылы жаңа белестерге жол ашылатыны атап өтілді, латын графикасының негіздері, олардың орфографиялық және орфоэпиялық ережелері, «Qazlatyn.kz» конвертері және т.б. таныстырылды, жұмыс жоспарлары жасалды.

Ең бастысы, әскери судьялар арасында латын әрпіне көшудің маңыздылығы туралы ауқымды түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Ағартушы-педагог, ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі». Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу-сызуда қолданғаны және 1929 жылғы 7 тамызда Совет үкіметі латындандырылған жаңа әліпби енгізу туралы қаулы қабылдағаны, соған сәйкес латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылғаны бәрімізге белгілі.

Сондықтан, латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу бізге таңсық болмаса керек, әрі латын әліпбиі әлемде кеңінен қолданылатыны анық факті. Сол себепті де, латын әрпіне көшуді аса қиын мәселе деп байбалам салып, тіпті оны орындалмас іс ретінде көрсету орынсыз деп ойлаймын.

Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Латын графикасындағы әліпбиге көшу мәселесінде асығыстық танытуға болмайды. Тыңғылықты, тексерілген ұстаным талап етіледі. Жан-жақты сараптау және жаңа әліпбидің барлық аспектілерін әзірлеу қажет. Латын әліпбиінің ұсынылған үш нұсқасы да жетілдірілмеген болып шықты. Сондықтан бұл проблемада шынайы ғылыми әдіс керек және жеңілдетуге болмайды», сондай-ақ «Ғалымдарымыздың салмақты пікірлерін күтеміз. Мұндай ұлтымыз үшін тағдыршешті мәселеде науқаншылдыққа және қарабайырлыққа жол беруге болмайды», - деп атап көрсеткені жадымызда.

Осыған орай, осы мәселе бойынша біздің мекемеде атқарылып жатқан іс-шаралар барысында айқындалған проблемалар жөнінде де сөз қозғау әділеттілік қағидатына сай келеді деп ойлаймын.

Сот жүйесі заңдылықтың салтанат құруын, ал өзім қызмет жасайтын әскери сот жүйесі, оның ішінде темірдей тәртіптің де орнығуын қамтамасыз ететіні аян. Осы тұрғыдан келгенде, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың латын әліпбиіне көшу мәселесіндегі кейбір олқылықтар туралы айтқан сөздері өте орынды деп ойлаймын. 2017 жылдан бергі үш-ақ жылдың ішінде латын әліпбиінің үш нұсқасының ұсынылуы, әрі олардың өзі жетілдірілмеген болып шығуы заң нормаларының бірізділігі және белгілі бір тәртіпті сақтау нормасын қатаң ұстануы тиіс біздер үшін де түрлі қиындықтар туғызғанын мойындауымыз қажет.

Әділін айту керек, Үкімет пен латын әліпбиіне көшу жөніндегі жауапты мемлекеттік орган бұл олқылықтардың шешімін табу жолында қол қусырып қарап отырмағаны анық.  Атап айтқанда, 2021 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында Жетілдірілген жаңа әліпби нұсқасы таныстырылды. Сөйтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 21 қазандағы латын графикасы негізінде қазақ тілі әліпбиін жетілдіру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында белгілі бір жұмыс атқарылған.

Дегенмен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тыңғылықты, тексерілген ұстаным талап етіледі. Жан-жақты сараптау және жаңа әліпбидің барлық аспектілерін әзірлеу қажет», - деп атап көрсеткен сөздерін ескере отырып, меніңше бұл бағыттағы жұмыс кезекті «жаңа әліпби нұсқасымен» ақталмауы тиіс деп ойлаймын. Президенттің «Ғалымдарымыздың салмақты пікірлерін күтеміз» деген сөзі тұрғысынан, мен де осы мәселе жөнінде бірқатар филолог-ғалымдармен пікірлесіп көрдім.

Заңгерлік біліммен қатар, филолог мамандығы бойынша да білім алғанымды айта кеткен жөн болар. Сондықтан, филолог-ғалымдармен пікірлескеннен кейін, мәселен «sh» әріптері қатар келгенде әдетте «ш» болып оқылуы, «х» мен «һ» әріптері қазақ тілі ғылымында кейде екеуі де қатаң, кейде бірі қатаң, екіншісі ұяң дауыссыз болып жіктелуі, тиісінше «х» мен «һ»-лардың бөлек екі түрлі категорияға ие болатынын ескермеу және т.б. сәйкессіздіктер екі ұдай ойға қалдырды.

«Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы  6 сәуірдегі Заңының 24-бабының 3-тармағына сәйкес «Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнi, оның ережелерi нақты және әртүрлi түсiндiруге жатпайтын мағынаны қамтуға тиiс.».

Сондықтан, «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» 2017 жылғы 26 қазандағы № 569 Жарлығын және осы мәселе жөніндегі ресми актілердің заңды мүлтіксіз орындау тұрғысынан «әртүрлi түсiнік туындатпайтын» әділетті болуы үшін асығыстыққа ұрынбай, тағы бір кәсіби де білікті ғалымдардың барлығының елегінен өткізген жөн болар.

 

Ғалымжан  Патшаханұлы Нәсірдінов Қазақстан Республикасы Әскери Сотының алқа төрағасы