Судьялыққа кандидаттарға арналған ақпарат

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы
Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтуi туралы ереже
1. Жалпы ережелер
       1. Осы Ереже "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Конституциялық заңына (бұдан әрі – Конституциялық заң) сәйкес судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтуінің шарттары мен тәртібін белгілейді.
      2. Судьялыққа кандидаттың (бұдан әрі – тағылымдамашы-кандидат) тағылымдамадан өтуінің негізгі міндеттері жергілікті соттарда жұмыстың ерекшеліктерін зерделеу, судья лауазымындағы жұмыс үшін қажетті практикалық және ұйымдастырушылық дағдыларды игеру болып табылады.
      Тағылымдамадан өту тағылымдамашы-кандидаттың іскерлік, кәсіби және адамгершілік қасиеттерін зерделеу және оның судья өкілеттіктерін жүзеге асыру перспективасын айқындау мақсатында жүзеге асырылады.
      Тағылымдамашы-кандидаттың тағылымдамадан өтуі негізгі жұмыс орнынан қол үзе отырып, тұрақты негізде жүзеге асырылады.
      Тағылымдамадан өту кезеңінде тағылымдамашы-кандидатқа еңбек заңнамасында белгіленген тәртіпте жалақысы сақталмайтын демалыс беріледі.
      Тағылымдамадан өту кезеңінде тағылымдамашы-кандидатқа 1 жылға дейінгі еңбек өтілі бар аудандық және оған теңестірілген сот судьясы лауазымдық айлықақысының 70 %-ы мөлшерінде жалақының белгіленген сомасы төленеді.
       3. Конституциялық заңда көзделген теріс себептер бойынша судья лауазымынан босатылған адамдарды қоспағанда, бұрын кемінде бес жыл тұрақты судья болып жұмыс істеген және жұмыстан босатылған күннен бастап төрт жылдың ішінде қайтадан судья лауазымына орналасуға ниет білдірген адамдардың тағылымдамадан өтуі талап етілмейді.
      Мамандандырылған магистратурада оқуды аяқтаған адамдардың оқуды аяқтаған күннен бастап төрт жыл ішінде тағылымдамадан өтуі талап етілмейді.
      4. Тағылымдамадан өтудің жалпы мерзімі бір жылды құрайды, оның ішінде он бір ай – аудандық және оған теңестірілген сотта (бұдан әрі – аудандық сот), бір ай – облыстық және оған теңестірілген сотта (бұдан әрі – облыстық сот).
      Тағылымдамашы-кандидат ұзақтығы екі айдан артық еңбекке жарамсыз болған жағдайда, облыстық соттың төрағасы тағылымдаманы тоқтатады.
      Осы Ереженің 26-тармағының 5) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, тағылымдамашы-кандидаттың өтініші бойынша облыстық соттың төрағасы белгіленген мерзімі өткенге дейін тағылымдаманы тоқтатады.
      Кейіннен тағылымдамашы-кандидат жалпы негіздерде тағылымдамадан өтуге жіберілуі мүмкін.
 2. Тағылымдамашы-кандидатқа қойылатын талаптар
      5. Тағылымдамадан өтуге:
      1) жиырма бес жасқа толған;
      2) жоғары заң білімі бар, моральдық-адамгершілік қасиеттері жоғары, мінсіз абыройы және әдетте, кемінде бес жыл сот отырысының хатшысы, сот консультанты (көмекшісі), прокурор, адвокат ретінде не заң мамандығы бойынша кемінде он жыл жұмыс өтілі бар;
      3) қолданылу мерзімі өтпеген біліктілік емтиханын тапсырған (оның ішінде шамамен болжанатын тағылымдама аяқталғанға дейінгі мерзімі өтпеген);
      4) медициналық тексеруден өткен және судьяның кәсіби міндеттерін орындауға кедергі болатын аурулардың жоқтығы расталған Қазақстан Республикасының азаматы жіберіледі.
 3. Тағылымдамадан өтудің шарттары мен тәртібі
      6. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы жыл сайын Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) басшысы ұсыныстарының негізінде жергілікті соттарда тағылымдамадан өтуге бос орындарды бөлуді жүзеге асырады.
      Тағылымдамадан өтуге арналған орындар облыста, Астана және Алматы қалаларында судьялардың болжанатын бос орындарының саны негізінде, бірақ әрбір облыс, Астана және Алматы қалалары үшін кемінде үш орыннан бөлінеді.
      Судья лауазымына кандидаттар бос орындарды бөлуге сәйкес тағылымдамаға қабылданады.
      Тағылымдамадан өту судья лауазымына кандидаттың тұратын жері бойынша тіркелген облыс, Астана және Алматы қалалары аумағындағы жергілікті соттарда жүзеге асырылады. Тұрғылықты жері бойынша тағылымдамадан өту үшін бос орындар болмаған жағдайда, кандидат бос орын болған кезде тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтінішпен басқа облыстық сотқа жүгінуге құқылы.
      7. Жергілікті соттарда тағылымдамадан өту үшін бос орындар туралы хабарламаны тағылымдамадан өтуге рұқсат алу туралы өтініштерді қабылдаудың басталуынан кемінде бір ай бұрын қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасының барлық аумағында таратылатын, сондай-ақ Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа да соттардың интернет-ресурсында уәкілетті орган жариялайды.
      8. Тағылымдамадан өтуге ниет білдірген адам хабарландыру жарияланған күннен бастап бір ай мерзімі ішінде облыстық соттың төрағасына тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініш береді.
      Өтінішке мынадай құжаттар қоса тіркелуі тиіс:
      1) кадрларды есепке алу бойынша жеке парақ;
      2) өмірбаян;
      3) диплом мен оның қосымшасының көшірмелері;
      4) біліктілік емтиханын тапсырғанын растайтын құжаттың көшірмесі;
      5) соңғы жұмыс орнынан алынған қызметтік мінездеме;
      6) судьяның кәсіби міндеттерін орындауға кедергі болатын аурулардың жоқтығын растайтын медициналық куәландырудан өткені туралы құжат.
      Өтінішке оның кәсіби білімінің деңгейін сипаттайтын құжаттарды да (ғылыми дәрежелер мен атақтардың берілгені, арнайы курстарды аяқтағаны туралы тиісті құжаттардың көшірмелері) қоса тіркеуге болады.
      Тағылымдамадан өтуге ниет білдірген тұлға құжаттарды толық ұсынбаған жағдайда, кемшіліктерді жою үшін он күн мерзім беріледі.
      9. Тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініш білдірген адамдар туралы ақпаратты өтініштер қабылданған күннен бастап он жұмыс күнінің ішінде уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі (бұдан әрі — аумақтық бөлімше) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ тиісті облыстық соттың интернет-ресурсында жариялайды.
      Тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініш берген адамның іскерлік және адамгершілік қасиеттерін сипаттайтын мәліметтер келіп түскен кезде оларға тексеру жүргізіледі, оның нәтижелері тағылымдама өтуге рұқсат беру туралы мәселені шешу кезінде және жалпы отырыста тағылымдама қорытындысы қаралған кезде ескеріледі.
      10. Тағылымдамадан өтетін адамдарды іріктеу облыстық сот төрағасының облыстық соттың судьялары қатарынан құрған Тағылымдаманы өтуге адамдарды іріктеу жөніндегі комиссияға (бұдан әрі – комиссия) жүктеледі. Комиссияның құрамына орнынан түскен судьялар енгізілуі мүмкін.
      Тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініштерді қабылдау тәртібін, комиссияларды құру мен оның жұмыс істеу тәртібін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы бекітеді.
      Комиссия отырысы ашық және жария түрде өткізіледі. Отырысқа мемлекеттік органдардың, қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысуға құқылы.
      Тағылымдамадан өтетін адамдарды іріктеу мынадай өлшемшарттар:
      1) сот ісін жүргізуге қатысуға тікелей байланысты заң мамандығы бойынша үлкен жұмыс өтілінің болуы;
      2) біліктілік емтиханын тапсыру нәтижелері бойынша;
      3) ғылыми дәрежесінің немесе ғылыми атағының болуы;
      4) тағылымдамадан өту іріктеуіне екі немесе одан да көп рет қатысуы;
      5) жоғары білімі туралы дипломның орташа бағасының нәтижелерін ескеру негізінде жүзеге асырылады.
      11. Тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы адамның өтінішін қараудың нәтижелері бойынша комиссия:
      1) адамға тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы;
      2) адамға тағылымдамадан өтуге рұқсат беруден бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
      Комиссияның тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы оң шешімін алған адамдар туралы ақпаратты аумақтық бөлімше тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ тиісті облыстық соттың интернет-ресурсында жариялайды.
      12. Облыстық соттың төрағасы осы Ереженің 11-тармағының 1) тармақшасы негізінде қылмыстық, азаматтық және әкімшілік мамандандыру бойынша міндетті тағылымдамадан өту үшін өкіммен аудандық сотты не мамандандыру болған жағдайда – аудандық соттарды белгілейді.
      Облыстық сот төрағасының өкімімен тағылымдама үйлестірушісі – облыстық соттың судьясы (бұдан әрі – тағылымдама үйлестірушісі) тағайындалады, оған тағылымдамашы-кандидаттардың тағылымдаманың барлық кезеңдерінен өтуін жалпы үйлестіру мен бақылау жүктеледі.
      13. Аумақтық бөлімше басшысы, тағылымдамашы-кандидат және оның жұмыс берушісі арасында тағылымдамадан өту туралы келісім жасалады.
      Егер тағылымдамашы-кандидат еңбек қатынастарында болмаса, тағылымдамадан өту туралы келісім аумақтық бөлімше басшысы мен тағылымдамашы-кандидат арасында жасалады.
      Тағылымдамадан өту туралы келісімде:
      1) тараптардың атауы;
      2) тараптардың құқықтары мен міндеттері;
      3) тағылымдамадан өту орны;
      4) тағылымдамадан өту шарттары мен тәртібі қамтылуы тиіс.
      Тағылымдамадан өту туралы үлгілік келісімді уәкілетті орган бекітеді.
      14. Тағылымдамадан өтуге адамға рұқсат беруден бас тарту дәлелді болуы тиіс.
      Тағылымдамадан өтуге рұқсат беруден мынадай:
      1) адамның моральдық-этикалық бейнесін теріс жағынан сипаттайтын нақты мәліметтер болған;
       2) Конституциялық заңда көзделген теріс себептер бойынша судья лауазымынан босатылған, "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы Заңында, "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 13 ақпандағы Заңында және "Мемлекеттік қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Заңында көзделген теріс себептер бойынша құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан немесе өзге де мемлекеттік қызметтен жұмыстан шығарылған, сондай-ақ 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 9), 10), 12), 13), 14, 15), 17), 21) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша өзге де адамдар жұмыстан шығарылған;
      3) медициналық куәландыру нәтижелері бойынша судьяның кәсіби міндеттерін орындауға кедергі болатын ауруы болған;
       4) Конституцияға және Конституциялық заңға сәйкес судьялыққа кандидаттарға қойылатын өзге де талаптарға сәйкес келмеген;
      5) Ереженің 8-тармағында көзделген құжаттарды ұсынбаған (толық ұсынбаған) не дұрыс емес деректер ұсынған жағдайда бас тартылады.
      15. Тағылымдамадан өту тағылымдамашы-кандидаттың Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы бекіткен Судьялыққа кандидаттардың тағылымдамадан өтуінің үлгілік бағдарламасына сәйкес жасалған тағылымдамадан өтудің жеке жоспарына енгізілген іс-шараларды орындауын қамтиды.
      16. Жеке жоспарды облыстық соттың төрағасы тиісті аудандық сот төрағасымен және тағылымдама үйлестірушісімен келісім бойынша бекітеді.
      Жеке жоспарға кейін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, ол туралы тағылымдамашы-кандидат үш жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.
      17. Тағылымдамашы-кандидат аудандық сотқа келген кезде сот төрағасы судьялардың арасынан тағылымдама жетекшісін – аудандық соттың судьясын (бұдан әрі – тағылымдама жетекшісі) не осы соттың ішінде мамандандыру бар болған кезде тағылымдама жетекшілерін тағайындайды. Тағылымдама жетекшісі болып кемінде 5 жыл судьялық жұмыс өтілі бар судья тағайындалады. Аталған сотта көрсетілген талапқа сәйкес келетін судья болмаған жағдайда, одан аз судьялық жұмыс өтілі бар судьяны тағылымдама жетекшісі етіп тағайындауға болады.
      Облыстық сотта тағылымдамадан өткен кезде облыстық сот төрағасы тағылымдама жетекшісін облыстық сот судьяларының арасынан тағайындайды.
      Тағылымдама жетекшісі:
      1) қажетті жұмыс көлемін белгілейді;
      2) тағылымдамашы-кандидатқа кәсіби білім деңгейін арттыруға және практикалық дағды алуға көмек көрсетеді;
      3) тағылымдамадан өтудің жеке жоспарының орындалуын қамтамасыз етеді.
      18. Тағылымдамашы-кандидат сотта тағылымдамадан өткен кезде тағылымдама жетекшісінің қызметін қамтамасыз етуге бағытталған консультанттың – судья көмекшісінің функцияларын орындайды, оның ішінде:
      1) судьяның өкілеттігін орындауға қажетті құқықтық ақпарат іздеуді, нормативтік құқықтық актілерді, сот практикасының материалдарын іріктеуді жүзеге асырады;
      2) судьяның іс жүргізуіндегі істер туралы ақпаратты әзірлейді;
      3) істерді сот талқылауына әзірлеу бойынша іс-әрекеттерді жүзеге асырады;
      4) процестік құжаттардың жобаларын әзірлейді;
      5) судьяның қарауына келіп түскен азаматтық сот ісін жүргізу шеңберіндегі арыздарды (талап арыздарды) зерделеуге, қылмыстық іс жүргізу шеңберіндегі істерді (материалдарды), шағымдарды, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер мен олар бойынша шағымдарды зерделеуге қатысады;
      6) Қазақстан Республикасының процестік заңнамасында көзделген іс-әрекеттер жасау туралы судьяға ұсыныстар береді;
      7) істерді қараудың процестік мерзімдеріне мониторингті жүзеге асырады;
      8) судьяның іс жүргізуіндегі істер бойынша өтініштер мен сұрау салуларға жауап жобаларын әзірлейді;
      9) тағылымдамадан өту міндеттерінен туындайтын өзге де функцияларды орындайды.
      19. Тағылымдаманы өту туралы келісім сақталмаған жағдайда, сондай-ақ осы Ереженің 26-тармағында көзделген жағдайларда тағылымдама үйлестірушісі дербес не тағылымдама жетекшісінің ұсынымы негізінде тағылымдаманың қорытындысы жөнінде теріс қорытынды беру туралы ұсынымды жалпы отырыстың қарауына мерзімінен бұрын енгізеді.
      20. Тоқсан сайын және тағылымдамадан өту қорытындылары бойынша тағылымдамашы-кандидат тағылымдамадан өтуі туралы жазбаша есеп жасайды, онда тағылымдамашының жеке жоспарды және тағылымдама жетекшісінің тапсырмаларын орындауы көрсетілуге тиіс. Жазбаша есепке тағылымдамадан өту кезеңінде тағылымдамашы-кандидат жасаған процестік құжаттардың жобалары қоса тіркелуге тиіс.
      Тағылымдамашы-кандидаттың тоқсан сайынғы жазбаша есебін тағылымдама үйлестірушісі қарайды.
      Тағылымдамадан өту қорытындысы бойынша тағылымдама жетекшілері тағылымдамашы-кандидатқа пікір жазады. Пікірлерді тағылымдамадан өту жүзеге асырылған соттардың төрағалары бекітеді. Пікірде тағылымдамашы-кандидаттың алған практикалық дағдылары мен білімі, процестік құжаттардың жобаларын жасау сапасы, судья міндеттерін жүзеге асыруға дайындық дәрежесі, еңбек және орындаушылық тәртібін сақтауы, тағылымдамашы-кандидаттың іскерлік және адамгершілік қасиеттері туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
      Тағылымдама жетекшілері тағылымдамашы-кандидатқа арналған пікірді, тағылымдамадан өтудің жеке жоспарын, оның орындалғаны туралы нәтижелермен бірге және тағылымдамашының тағылымдамадан өту қорытындылары туралы жазбаша есебін тағылымдама үйлестірушісінің қарауына ұсынады.
      Тағылымдама қорытындысы және оларды қарау нәтижелері бойынша тағылымдама үйлестірушісі тағылымдаманы өтудің барлық кезеңдерінің нәтижесіне негізделген ұсынуды он бес күндік мерзімде енгізеді, ол тағылымдаманың басқа да материалдарымен бірге облыстық соттың жалпы отырысының қарауына енгізіледі.
 4. Тағылымдаманың қорытындыларын қарау
      21. Жалпы отырыс тағылымдама үйлестірушісі ұсыным енгізгеннен кейін бір айдан кешіктірмей тағылымдамашы-кандидаттың есебін тыңдай отырып, тағылымдамашы-кандидаттың тағылымдамасының қорытындыларын қарайды.
      22. Тағылымдамашы-кандидаттың тағылымдамасының қорытындыларын қарау нәтижелері бойынша жалпы отырыс тағылымдама қорытындылары туралы оң немесе теріс қорытынды береді, ол көпшілік дауыспен қабылданады және төрағалық етуші оған қол қояды.
      23. Тағылымдама нәтижелері туралы жалпы отырыстың қорытындысында мынадай мәліметтер көрсетіледі:
      1) қорытынды шығарылған күні мен орны;
      2) тағылымдамашы-кандидатқа қатысты ұсыну енгізген тағылымдаманы үйлестірушінің тегі, аты және әкесінің аты;
      3) тағылымдамашы-кандидаттың тегі, аты және әкесінің аты, туған жылы, күні, айы, тұрғылықты жері, тағылымдамадан өту кезеңіндегі жұмыс орны;
      4) тағылымдамадан өткен соттардың атауы мен тағылымдамадан өту кезеңі;
      5) тағылымдама жетекшілерінің тегі, аты және әкесінің аты;
      6) тағылымдамадан өту кезінде орындалған жұмыс көлемінің қысқаша сипаттамасы;
      7) тағылымдамашы-кандидаттың дайындық деңгейінің, көрсеткен қасиеттерінің сипаттамасы және оны сипаттайтын басқа да деректер;
      8) судья лауазымында жұмыс істеуге кәсіби, жеке-психологиялық және адамгершілік қасиеттері бойынша жарамдылығы туралы қорытынды;
      9) жалпы отырыстың дауыс беру қорытындылары;
      10) облыстық сот төрағасының қолы.
      24. Судья лауазымына кандидат тағылымдамасының нәтижелері туралы жалпы отырыстың қорытындысын облыстық сот Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесіне жібереді.
      25. Тағылымдама қорытындылары туралы жалпы отырыстың оң қорытындысы төрт жыл бойы жарамды болады.
      26. Жалпы отырыс тағылымдама нәтижелері туралы теріс қорытындыны мынадай:
      1) тағылымдамашы-кандидат іскерлік және кәсіби қасиеттері бойынша судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптарға сәйкес келмеген;
      2) тағылымдамашы-кандидат беделіне нұқсан келтіретін теріс қылық жасаған;
      3) тағылымдамашы-кандидаттың моральдық-этикалық бейнесін теріс жағынан сипаттайтын мәліметтер болған;
      4) тағылымдамадан өту туралы келісімде белгіленген талаптарды сақтау бойынша міндеттерді орындамаған;
      5) медициналық куәландыру нәтижелері бойынша судьяның кәсіби міндеттерін орындауға кедергі болатын аурулары болған;
       6) Конституциялық заңда көзделген теріс себептер бойынша судья лауазымынан босатылған, "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы Заңында, "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 13 ақпандағы Заңында және "Мемлекеттік қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Заңында көзделген теріс себептер бойынша құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан немесе өзге де мемлекеттік қызметтен жұмыстан шығарылған, сондай-ақ 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 9), 10), 12), 13), 14, 15), 17), 21) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша өзге де адамдар жұмыстан шығарылған жағдайда береді.
      27. Тағылымдама нәтижелері туралы теріс қорытынды алған жағдайда тағылымдамашы-кандидат қайтадан тағылымдамадан өтуге оны алған күннен бастап екі жыл өткеннен кейін жалпы негіздер бойынша жіберіледі.
      Осы Ереженің 26-тармағының 5) тармақшасында көзделген негіздер бойынша тағылымдама нәтижелері туралы теріс қорытынды алған жағдайда, медициналық куәландыру нәтижелері бойынша судьяның кәсіби міндеттерін орындауға кедергі болатын ауруларының жоқтығы кейіннен расталған жағдайларды қоспағанда, тағылымдамашы-кандидат қайтадан тағылымдамадан өтуге жіберілмейді.

 

ТіркемеҚұрылғанАвторКөлем
File emtihan_tapsyruga_tilek_bildirgen_kandidattarga_arnalgan_zhadynama.docx25.05.2017 09:28:18askeri-manager19.11 KB
File sudyalykka_biliktilik_emtihanynyn_ulgi_suraktary.docx25.05.2017 09:28:18askeri-manager17.52 KB
File sudyalykka_kandidattyn_tagylymdamadan_otui_turaly_erezhe.docx25.05.2017 09:28:18askeri-manager27.7 KB